Table of Contents Table of Contents
Previous Page  108 / 336 Next Page
Information
Show Menu
Previous Page 108 / 336 Next Page

108

АЛМАМБЕТТІҢ ТОЛҒАУЫ

Сатиралық повесть

(1983 жыл)

Сорқұдықтың басына

Сорға бола қонды атам.

Жалмауызға жалғызын

Жанынан қорқып берді атам, –

деп жылайтын еді ғой Ер Төстіктің ертегісінде Кенжекей сұлу.

Сол сияқты мен де Қиқымат екеуміздің хикаяларымызды

өткен жолы оғат айттым ба деп опынамын. Өйткені өзі

туралы бір бастағаннан кейін тоқтау қиынға түсетінін еркек

атаулы жақсы біледі. Әйтеуір, бір көсілгесін, аяғына шықпай

тынбайын деген бөспеліктен де емес, ішіңді әлдене тесіп бара

жатқан соң қайтесің...

Жалпы, өзі туралы айтқысы келмейтін адам болмайды. Бұл

тек мақтаншақтыққа ғана ұрындырып, абыройсыз қылатын

жаман да ниет емес. Ау, енді қалай, көрген-баққаныңды, ой-

сезіміңді, түйгеніңді біреуге айтпай, ортақтаспай, жаныңды

ақтармай қайтіп жүресің? Томаға-тұйықтық, жат бауырлық­

тың өзі адамның бір-біріне жанымен ақтарылмауынан,

ақтарыла алмауынан туындайтын тәрізді. Әйтпесе жұрттың

бәрінің жаны таза, ақ болса, тіршілікте түсініспеушілік,

қастандық атаулы болмас еді ғой. Ал енді адамдардың бәрі

бірдей неге ашылмайды, сырын неге айтпайды? Кейбіреулер

өзі туралы айтуды мақтаншақтық санайды; оған әдептері

жібермейді; сыпайысынып, «ел мақтасын» деп емексиді.

Сірә, адамды адамның өзінен артық ешкім білмейтінін, оның

жан құпияларын дәл өзіндей ешкім де ақырына дейін тани

алмайтынын ойламайтын болу керек. «Ел мақтасын» деп

үміттенудің өзі мақтаншақтықтың көкесі ғой. Өзі туралы айта

алмайтындардың тағы бір тобы қорыққанынан үндемейді.

Өйткені ары таза емес. Жанын ақтарған кезде тазармайтын,

әбден іріп-шіріген қоқыстары шығып қала ма деп үрейленеді.